«Психология» бағыты студенттерінің практика базалары
Қазіргі заманда психолог мамандығының сұранысы арта түсуде. Психологтар психикалық денсаулықты қолдау, әртүрлі мәселелермен жұмыс істеу және жеке тұлғаның дамуына ықпал ету ісінде атқарушы рөл ойнайды. Алайда, білікті маман болу жолында тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар практикалық тәжірибе де қажет. Осыған байланысты, психологтар үшін практика базаларын құру және пайдалану маңызды қадам болып табылады.
«Құқық, жалпы және әлеуметтік психология» кафедрасының оқытушы-психологтары жыл сайын практика базаларын жаңартып, Алматы қаласындағы жетекші орталықтармен ынтымақтастық орнатады.
Психологтарға арналған практика базасы – бұл біздің студенттеріміздің кәсіби дамуын қолдауға арналған ресурстар мен әдістемелер жүйесі.
Мысалы, 2024 жылдың 19 қарашасында күндізгі және күндізгі-сырттай оқыту бөлімдерінің «Психология» мамандығының үшінші курс студенттері «Росток» орталығының Applied Behavior Analysis практикалық сабағына қатысты.
Орталық басшысы Жанат Бойханқызы студенттерді жұмыс жүйесімен таныстырып, дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс жасау технологияларын түсіндірді. Кейін орталықтың қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша жетекші маманы Надежда Александровна Белоглазова дәріс өткізді. Студенттерге аутизм, психикалық дамудың тежелуі (ЗПР, ЗПРР), Даун синдромы, церебралды сал ауруы (ДЦП) және басқа да даму бұзылыстары бар балалармен жұмыс істеуге арналған практикалық тренингтер ұйымдастырылды.
2024 жылдың 18 қарашасында «Психология» мамандығының үшінші курс студенттері Алмалы ауданының «TEN QOGAM» мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету орталығына барды. Бұл шара психологиялық қолдау мен ерекшеліктері бар адамдардың әлеуметтік бейімделуін тереңірек зерттеуге бағытталған. Студенттер орталықтың мамандары жүргізген сабақтарға қатысты.
Практика базасы үздіксіз оқыту мен кәсіби дамудың маңызды құралы болып табылады.
24 Ақпан 2025
